Жаңа Конституция – әділетті мемлекет қалыптастырудың берік іргетасы – Балаева
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде іске асырудың үш негізгі міндетін атады.
"Өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің дамуындағы айрықша маңызды кезеңге айналды. Бұл тарихи оқиға қоғамның Мемлекет басшысының жаңару мен жаңғыртуға бағытталған саяси бағытын, әділдік пен ашықтықты нығайтуға, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға негізделген стратегиялық ұстанымын толық қолдайтынын айқын көрсетті. Ендігі басты міндетіміз – конституциялық реформаны жүйелі әрі үйлесімді түрде іске асыру", – деді Аида Балаева.
Негізгі үш міндет:
Бірінші. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық даму салаларында заңнаманы кешенді әрі ауқымды жаңарту міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмыс ұлттық мәдениетті жан-жақты қолдауға, отбасы институтын нығайтуға, азаматтық қоғамды дамытуға, сондай-ақ сапалы және жауапты медиакеңістік қалыптастыруға негізделеді.
Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде. Құқықтық базада сөз бостандығы, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпарат алу және тарату құқығы сияқты іргелі қағидаттарды жан-жақты әрі нақты бекіту көзделіп отыр. Сонымен қатар азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғаудың құқықтық тетіктері одан әрі күшейтіледі.
Мемлекет пен конфессия арасындағы қатынастарды дамыту да күн тәртібіндегі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Осыған орай "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету мен конституциялық құрылысты қорғау, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау айрықша маңызды. Сонымен қатар мемлекеттің және білім беру жүйесінің зайырлы сипатын сақтау басты құндылық ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ, жаңа конституциялық институт – Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыс жаңа мазмұнмен толықтырылып, сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріледі.
Екінші. Әлеуметтік саясат жаңа стратегиялық мазмұнмен толықты. Енді тек әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етумен шектелмей, адам капиталын жан-жақты дамытуға басымдық беріледі. Бұл сапалы жұмыс орындарын ашу, білім алу мен кәсіби өсу мүмкіндіктерін кеңейту, әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту, сондай-ақ еңбек қатынастарын заман талаптарына сай бейімдеу деген сөз. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс пен еңбек заңнамасын жетілдіру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Үшінші. Азаматтардың денсаулығын қорғау әрқашан басым бағыт болып қала береді. Жаңа Конституцияға байланысты "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске, сондай-ақ медициналық сақтандыру мен биологиялық қауіпсіздік салаларын реттейтін заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізіледі. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі толық сақталады. Сонымен қатар оны қаржыландыру көздері кеңейтіліп, медициналық сақтандыру жүйесінің рөлі күшейтіледі. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
"Жаңа Конституция – заңнамалық өзгерістер жиынтығы емес, әділетті, орнықты әрі адамға бағдарланған мемлекет қалыптастырудың берік іргетасы. Сондықтан біздің басты міндетіміз – осы қағидаттарды нақты мазмұнмен байытып, оларды нақты нәтижелерге ұластыру", – деп түйіндеді мәдениет министрі.