"Заң аясында шешілуі тиіс". Respublica партиясы Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты ұстанымын жария етті
Respublica партиясы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға байланысты ресми ұстанымын мәлімдеді.
"Respublica партиясы орын алған оқиғаға байланысты өкініш білдіреді және партияласымыз Руслан Арысбекұлы Берденовке тез арада сауығып кетуін тілейді. Оқиғаның мән-жайына қатысты біз де барша жұртшылық сияқты құзырлы органдардың ресми түсініктемесін күтеміз. Тергеу барысына араласу ретінде қабылдануы мүмкін кез келген алдын ала пікір білдіруден біз аулақпыз. Біз тергеу мен сот процестері әділ де объективті өтетініне сенімдіміз. Respublica партиясы кез келген даулы жағдай заң аясында шешілуі тиіс деп есептейді", – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 2025 жылғы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында атыс қаруын қолдану фактісі тіркелді. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаменті хабарлады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті шенеунікке қарай үш рет оқ атқан. Оқиға салдарынан әкімдік қызметкері жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", – делінген полиция ақпаратында.
Оқи отырыңыз: Стрельба возле акимата Шымкента: Руслана Берденова прооперировали, состояние стабильно тяжёлое
Қазіргі таңда Руслан Берденовке ота жасалған. Оның жағдайы қалыпты ауыр.