Жамбыл облысындағы президент резиденциясында балалар лагері ашылады
Резиденцияны қайта жабдықтау үшін жергілікті бюджеттен 600 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысындағы президент резиденциясы білім басқармасының меншігіне берілді. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұржан Нұржігітов айтты.
Лагерь жоспар бойынша бір жылда 50 баланы қабылдайды.
"Жақын арада жөндеу жұмыстары басталады. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүріп жатыр. Ғимарат бар. Енді оқу сыныптарын қайта жабдықтаймыз, қосымша жиһаз аламыз. Қаржыландыру, азық-түлік, еңбекақы мәселелері шешілді" – деді облыс әкімі.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы президент резиденциясы бұзылады
Ұсақ құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін лагерь балаларды қабылдауға дайын болады.
"Ұсақ құрылыс жұмыстарын бітірсек, жазда 15 күн, қыста бір айға дейін ұзартамыз. Инклюзив білім беру үшін кейбір сыныптар арнайы жабдықталады", – дейді Нұржан Нұржігітов.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы президенттің резиденциясы Тараздан 15 шақырым жерде орналасқан.