Жамбыл облысы Талас ауданында мал ұрлығы өршіп тұр
Жамбыл облысы Талас ауданында мал ұрлығы өршіп тұр. Жылға жетпей 580 бас ірі қара қолды болған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл деген сөз екі күннің бірінде екі бастан төрт түлік жоғалады. Бірақ табылған бір түйірі жоқ дейді тұрғындар. Мал іздеген жұрт полиция департаментінің дәрменсіздігін айтып жыларман.
Аққұмдықтар төрт түлігін көзден таса етуден қалған. Әр жылқыны жетектеп жаймасақ, өріс түгіл елді мекенде ұрлық өршіп тұр дейді. Аядай ғана ауылда бір жылда бір үйір жылқы жоқ болған. Бұл тек полиция департаментіне тіркелгені ғана екен.
"Үш жылда үш үйір жылқы кетті. 23 бас бір кетті, 16 бас бір кетті. Былтыр 20 бас кетті. Жоқ жым жылас таптырмайды. Ол көшедегі бірлі-жарым біреу-екеуден кетіп жатқаны қаншама?! Есептеп жатқан ешкім жоқ. Іздейді-іздейді таба алмайды", – деді Аққұм ауылының тұрғыны Әлімхан Далбақов.
Қолды болған отар-отар қой көп, ұрысы табылмаған табын-табын сиыр мың сан. Ішпей-жемей барынан айырылған бұқара арыздану бос әурелену деп ашулы. Өйткені учаскелік полицейдің өзін орнынан табу жоғалған малыңды табумен тең дейді. Тәртіп сақшысын тапқан күнде қайыр жоқ.
Ал полиция департаменті ұрыны таппаған, қылмысы азаймаған ауылдағы жауапты инспекторларға қатысты қызметтік тексеріс ашпақ. Жарты жылда жарты мың малдың жоғалғанын жоққа шығармады. Кейінгі үш айда 146 басты барымташылар алдына салып айдап кеткен. Тең жартысы әлі табылмапты.
"Жылдың басынан біз мал ұрлығымен айналысқан 20 тұлғаны ұстап қылмыстық жауапкершілікке тартып отырмыз. Оның ішінде мысалы 15 тұлғадан тұратын жеті қылмыстық топ тұрақты түрде кәсіби түрде мал ұрлықпен айналысып жүрген тұлғаларды қамаққа алдық", – деді Жамбыл облысы полиция департаменті басқармасының бастығы Мақсат Юсупов.
Жауаптылар өрістен қайтпаған малдың көбі қараусыз, қадағалаусыз қалғанынан қолды болатынын айтады. Иен далада иесіз жүрген мал барымташылардың азығы дейді. Сондықтан сырға салып құжаттап, қажет болса үйде отырып дронмен бағуды дәріптеу керек деп отыр.