Жаһандық саудадағы қазақстандық сиыр етінің үлесі 1 пайыздан да аз – Dala.Camp
Ақмола облысында өтіп жатқан Dala.Camp форумында қазақстандық сиыр етінің экспорт мәселелері сөз болды.
Орталық Азия бойынша ДДСҰ субөңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаевтың айтуынша, Қазақстан жайылымдық жерлері бойынша әлемде төртінші орын алатынына қарамастан, жаһандық ет нарығында өз әлеуетін көрсете алмай отыр.
"Бүгінде Қазақстан 180 млн гектардан астам әлемдегі ең ірі жайылымдық ресурстары бар елдердің қатарына кіреді. Дегенмен елдің сиыр етінің жаһандық саудасындағы үлесі 1 пайыздан аз", – деді Мереке Тайтубаев.
Бұл ретте ол Қазақстанның жаһандық нарыққа шығуына кедергілердің қатарында мемлекеттік қолдаудың аздығын атап өтті.
Ал ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин саланы одан әрі дамыту жүйелі реформалаусыз, өнімділікті арттырусыз, заманауи технологияларды енгізусіз, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсартусыз мүмкін еместігін айтты.
"Мал шаруашылығының үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 39 пайызы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,8 трлн теңгені құрады. Жалпы өнімнің жыл сайын 2-3 пайыз деңгейінде тұрақты өсуі кезінде ағымдағы динамика нақты мүмкіндіктерді көрсетпейді және саланы дамытуда сапалы серпілісті қамтамасыз етпейді. Сала көрсеткіштерінің аз ғана өсуі өнімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсарту қажеттігін көрсетеді", – деді вице-министр.
Ол мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлер үшін жағдай жасау жөніндегі шараларды қамтитын 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын бекіткенін айтты.