"Жәбірленушінің үйі мен жұмысына барған". Шымкентте сталкингке байланысты екі күдікті ұсталды
Шымкент қаласында полиция қызметкерлері әйелдерге қатысты сталкинг бойынша екі қылмыстық деректі анықтап, жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Екі жағдайда да күдіктілер жәбірленушілермен бұрыннан таныс болған. Алғашқы оқиғада қала тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, бұрынғы жігіті айырылысып кеткеннен кейін де мазасын алып, қудалауын тоқтатпаған.
"Ер адам түрлі телефон нөмірлерінен хабарласып, хабарламалар жолдаған, сондай-ақ жәбірленушінің үйі мен жұмыс орнына барып жүрген. Әйел барлық байланысын үзгеніне, әлеуметтік желілерде бұғаттағанына қарамастан, қудалау әрекеттері жалғаса берген. Аталған дерек бойынша күдікті ұсталып, қамауға алынды", – делінген хабарламада.
Екінші жағдайда сталкинг күш қолданумен ұласқан. Оқиғадан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Аталған факті бойынша сталкинг және дене жарақатын келтіру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Полицияның мәліметінше, екі қылмыстық іс тәулік ішінде сотқа жолданған.