"Жәбірленушілерден 5,5 млн теңге алған". Астанада TikTok арқылы алаяқтық жасаған "емші" сотталды
Астанада TikTok әлеуметтік желісінде өзін "емші" ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған қала тұрғыны сотталды. Бұл туралы қалалық прокуратура хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол TikTok-та өзін экстрасенсорлық қабілеттері бар адам ретінде көрсетіп, түрлі ауруларды емдей алатынын айтып, қызмет ұсынған. Әлеуметтік желі арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген күдікті өзін ерекше қабілетке ие тұлға ретінде таныстырып, ақылы түрде "ем жүргізуге" көндірген.
"Нәтижесінде жалған "емші" үш жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеден астам қаржыны алаяқтық жолмен иемденген. Алынған қаражаттың букмекерлік кеңселерге жұмсалғаны анықталды. Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген материалдық шығынды ішінара өтеген", – делінген хабарламада.
Сот үкімімен ол 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.