Ыстық су үшін қарыз: Алматыда борышкерлердің мүлкі мен шоттары бұғатталады
Алматыда жылу энергиясы үшін төлем жасамаған тұтынушыларға қатысты коммуналдық қызмет қарызды сот арқылы өндіруді және берешек толық өтелгенге дейін ыстық су беруді шектеуді жалғастырып жатыр. Бұл туралы "Алматы жылу жүйесі" ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, кейбір тұтынушылар коммуналдық қызмет ақысын төлеу міндетін орындамай отыр. Соның салдарынан күн сайын ондаған борышкердің пәтерлерінде ыстық су уақытша тоқтатылып жатыр.
Коммуналдық мекеме бұл шараны мәжбүрлі қадам деп атап өтті. Себебі төлемдердің кешіктірілуі жылу желілерін дайындау мен алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуіне кері әсерін тигізеді.
"2026 жылдың басынан бері Алматыда 623 абонентке ыстық су беру шектелген. Сонымен қатар 2204 борышкерге сотқа талап-арыз беріліп, 256 адамның мүлкіне тыйым салынған. 287 банк шоты бұғатталып, 158 азаматтың елден шығуына шектеу қойылған. Кейбір борышкерлердің қарызы жалақысы мен басқа да табыс көздерінен өндіріліп жатыр. Сот шешімі мен атқарушылық құжаттар негізінде борышкерлердің мүлкіне, көлік құралдарына, банк шоттарына шектеу қойылуы мүмкін. Сондай-ақ елден шығуға тыйым салынып, кейбір жағдайларда лицензиялардың әрекеті де тоқтатылуы ықтимал, – делінген хабарламада.
Компания өкілдері мұндай шаралар тек ұзақ уақыт бойы қарызын өтемеген азаматтарға қолданылатынын атап өтті. Бұған дейін тұрғындарға берешек туралы алдын ала ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Қызмет көрсетуші ұйым қарыздарды өндіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасатынын және тұрғындарды коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеуге шақыратынын мәлімдеді.