ҚР Президент әкімшілігі бірқатар министрлікке Aitube, YouTube хостингіндегі дөрекі жаргоны, бейпіл сөздері бар фильмдерді бұғаттау жөнінде шара қабылдауды тапсырды. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында хабарлады.

Еске салайық, мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова кинотеатрларда "18+", "21+" санатына жататын фильмдер заң талабына сай, кешкі 22.00-ден бастап емес, 18.00-ден бастап көрсетіліп жатқанын сынға алған еді

Осыған байланысты, ҚР президент әкімшілігі басшысының қарарына сәйкес, 2023 жылдың ақпан айына дейін құзырлы министрліктерге бірнеше тапсырма берілген.

"(Президент әкімшілігі – ред.) Ақпарат және қоғамдық даму, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп Aitube, YouTube хостингінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында тыйым салынған ақпаратты қоса алғанда, дөрекі жаргоны, бейпіл сөздері бар фильмдерді бұғаттау жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды", – деп жазылған жауапта.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігіне кинематографистер мен кино индустриясының белсенді қайраткерлері арасында заң талаптарын сақтау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын және тиісті мониторинг пен бақылау жүргізу тапсырылған.

Ал жұмыс қорытындысы туралы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 2023 жылдың 20 ақпанына дейін Президент әкімшілігіне хабарлауы тиіс.


Оқи отырыңыз: Бас прокурор "21+" фильмдер туралы: Мәдениет министрлігі заңның бұзылуына жол беріп отыр


Еске салайық, бас прокурор Берік Асылов бұл мәселеге қатысты мәдениет министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың құқықтық мүмкіндігі бола тұра, заңбұзушылықтың жолын кесуге тырыспайтынын айтқан болатын.