Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 73,3 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.

Мемлекеттік бастамаларды қолдаудың ең жоғары деңгейі жастар (18-29 жас) аарсында байқалды: респонденттердің 82%-ы қолдаған. Бір қызығы, ерлерге (71,1%) қарағанда әйелдер елдің дамуына (75,3%) оптимистік көзқарас білдіруде.

Президентке сенім. Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі бойынша ел халқының 76,4% мемлекет басшысына сенім білдірді. Президентке деген сенімнің жоғары деңгейі жастар арасында – 84,6%, әйелдер арасында – 78,1% (ерлерде – 74,5%) байқалды. Ауыл және қала тұрғындарының сенім деңгейінде елеулі айырмашылық байқалмайды – тиісінше 76,8% және 76,1%.

Бұл ретте респонденттердің жартысынан астамы – 60,8% елдің алдағы бес жылдағы даму болашағын "өте дұрыс" және "едәуір дұрыс" деп бағалайды.

Бұл әлеуметтік оптимизм өмірге қанағаттану сияқты қоғамдық көңіл-күйдің көрсеткішінде де көрінеді.

"Жалпы, сіз өз өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?" деген сұраққа респонденттердің 57,3%-ы "толығымен қанағаттанамын" деп есептесе, 32,8%-ы "едәуір қанағаттанамын" деп жауап берген.


Оқи отырыңыз: ҚСЗИ сарапшысы: Президент сұхбатында Қазақстан өңірлерінің дамуына ерекше көңіл бөлінген


Сондай-ақ респонденттер елдің саясаты, экономикасы және қоғамдық өмірі туралы ақпаратты желілік БАҚ-тан (30,3%) және әлеуметтік желілерден (34,7%) алғанды жөн көретінін атап өтті.

Айта кетейік, 18 жастан асқан 8 мың респондент қатысқан зерттеу 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды. Сауалнама 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын көрсететін іріктеу бойынша жеке сұхбаттарды (CAPI) пайдалана отырып жүргізілді.