Халықтың табысын көбейту үшін салықтық ынталандыру шаралары енгізіледі – Бектенов
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов халық табысының өсуін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Үкімет басшысы азаматтардың табыс деңгейінің артуы экономиканың өсу қарқынына сәйкес келмейтінін атап өтті.
"Еңбекақының жалпы ішкі өнімдегі үлесінің көрсеткіші шамамен 31 пайызды құрап отыр, бұл – Орталық Азия үшін жоғары көрсеткіш. Бірақ біздің мақсатымыз – әлемдік орташа көрсеткіш – 40 пайызға және одан жоғары деңгейге жету. Жалақының өсу қарқыны бизнес табысының, оның ішінде өз күшімен әрі мемлекеттік қолдау есебінен алынған табыс динамикасынан артта қалып отыр. Осыған орай Үкімет халықтың табысын арттыру үшін кешенді шараларды әзірлеуде. Оның аясында қаржылық, салықтық және басқа да ынталандыру шаралары көзделуде. Олар еңбекақыны көтеруге, лайықты жалақы төлейтін жұмыс орындарын көбейтуге, кәсіби дағдылар мен біліктілікті дамытуға, сондай-ақ азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған", – деді Олжас Бектенов.
Үкіметтің 2026 жылға арналған негізгі басымдығы халықтың нақты табысын өсіру болмақ. Бұған жаңа өндіріс орындарын ашуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталған жүйелі шаралар кешені ықпал ететін болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда орташа жалақы 429 мың теңгеден асты. Қай өңірлерде жалақы ең көп өсті
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы аясында Қазақстан халқына Жолдауда экономиканың барлық салаларына озық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, сондай-ақ цифрлық мемлекет құру міндеті қойылған болатын. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар әлі де тиісті деңгейге жеткен жоқ. Экономиканың нақты секторындағы цифрландыру процестері бастапқы сатыда қалып отыр, ал салалық деректер қоры толық қалыптаспаған. Осы мәселелердің барлығы барлық цифрлық бастамаларды бір арнаға тоғыстыратын Үкімет әзірлеген "Digital Qazaqstan" жалпыұлттық стратегиясы шеңберінде шешімін табуы тиіс.