Танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толықты. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы жалғастырды. 24 қазаннан бастап "Веном: Соңғы би" (Venom: The Last Dance) фантастикалық экшн туындысы кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетіледі. Әлемдік үздік фильмді "Қазақ тілі" қоғамының ұсынысымен компания өз қаражатына аударып, дубляждады.

Бұл – "Веном" трилогиясының қорытынды бөлімі. Marvel комикстеріне негізделген. Алғашқы екі бөлімі үлкен қызығушылық тудырды. Басты рөлді Том Харди сомдайды. Бұл жолы Эдди мен Веном достасып, зұлымдармен бірге күреседі. 

"Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе, балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын", – дейді Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Қазақ тіліндегі дубляжды қазақстандық Movie Dalen дубляж студиясы жасады. 

Бұған дейін Disney, Pixar сынды халықаралық студиялар әлемдік танымал туындыларын өз есебінен қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. "Ойжұмбақ 2" фильмі алғашқы 4 күнде 40 млн теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды.