Қазақстан аумағында 28–30 сәуір аралығында ауа райы құбылмалы болады, деп хабарлайды "Қазгидромет".

Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнгі уақытта тұман түсіп, кей өңірлерде үсік жүруі мүмкін.

Әсіресе оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын аралас сипат алады: жаңбыр соңы қарға ұласуы ықтимал. Кей жерлерде бұршақ жауып, жел күшейеді. Түнгі және таңғы мезгілде тұман жиі байқалады.

Ал солтүстік және орталық өңірлерде жауын-шашынсыз, ашық ауа райы басым болады. 28–29 сәуірде оңтүстікте, ал 29–30 сәуірде шығыста күн райы тұрақтанып, ашық болады деп күтіледі. Сонымен қатар, республиканың оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде шаңды дауыл соғуы ықтимал.

Синоптиктердің болжамынша, 28–29 сәуірде батыс, солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда түнде ауа температурасы -3°С-қа дейін төмендеп, үсік жүреді.

Күндіз ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды. Батыста +15…+20°С, солтүстік-батыста +17…+25°С, солтүстікте +21…+26°С болады. Орталық өңірлерде +21…+30°С-қа дейін жылынады. Шығыста +19…+27°С шамасында болса, оңтүстікте ауа +25…+34°С-қа дейін қызады. Оңтүстік-шығыста +22…+27°С күтіледі.