"Ұсақ бұзақылық". Тойда қалыңдығын ұрған өзбекстандық күйеу жігіт 15 тәулікке қамалады
Күйеу жігіт қалыңдықты ойында жеңіліп қалғаны үшін ұрған.Өзбекстанда тойда қалыңдығына қол көтерген ер адам 15 тәулікке қамалады. Ер адамға "ұсақ бұзақылық жасады" деген айып тағылды, деп хабарлайды “Газету.uz”.
Күйеу жігіт қалыңдықты ұрған той 6 маусым күні Сурхандарьяда өткен. Тойда түсірілген видео шетелдік басылымдар мен әлеуметтік желіде резонанс тудырды.
Кадрларда күйеу жігіт пен қалыңдық жылдамдыққа жіпті тарқатудан жарысады. Жеңілген ер адам қалыңдығын желке тұсынан ұрады.
Өзбекстандағы әйел мен отбасы мемлекеттік комитетінің мәліметінше, видео 1997 жылы дүниеге келген Р. Х. есімді және 2003 жылы туған А. Д. есімді азаматтың тойында түсірілген. Мереке күйеу жігіттің үйінде өткен. Тойда достары жас жұбайларға арнап ойын жарыс ұйымдастырған.
Оқи отырыңыз: "Ажырасу – ұят, ал таяқ жеу – тағдырдың жазғаны ма?" Тұрмыстық зорлық жөніндегі халықаралық сарапшымен сұхбат
Ұзын ауданының ішкі істер бөлімі күйеу жігіт, қалыңдық және олардың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.
"Аталған іс тіркелді, ал жиналған құжат қылмыстық істер бойынша Ұзын аудандық сотына жіберілді", – деді комитеттегілер.
Ер адамның үстінен әкімшілік жауапкершілік туралы кодекстің 183-бабы "ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғалды. Баптың санкциясы 3-5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды көздейді.