"Үш айда 225 келі синтетика тәркіленді": ІІМ есірткі саудасымен қалай күресіп жатыр
Елімізде кейінгі бес жылда тәркіленген есірткі көлемі 55 есе артқан. 2018 жыл бұл көрсеткіш бес келіні құраса, 2023 жылы бір тонна есірткі тәркіленді.Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлімдеді.
"Нашақорлық өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ең бастысы жағдайды мемлекет басшысының өзі назарында ұстап отыр. Президент 15 наурызда өткен ұлттық құрылтай отырысында есірткі саудасы мен нашақорлықты заманауи бес кеселдің бірі деп атады. Оған тосқауыл қоюға шақырғаны да белгілі. Ішкі істер министрліні осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Осы бағытта Үкімет нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарын бекітті. Бұл 2016 жылдан бергі алғашқы бағдарламалық құжат. Құжат әлемдегі есіркі нарығын ескеріп әзірленген. Мысалы, нарықта жаңа психоактивті есірткінің жаңа түрі көбейген. Есірткіні өндіру, тарату жолдары да өзгеріп жатыр. Құжатта есірткі бизнесіне қатысты заңнаманы күшейту көзделген. Сондай-ақ, есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін дамытуға баса назар аударылып отыр. Алдымен нашақорлық себебін анықтап, оны жоюға ден қойылады", – деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.
Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, 2024 жылы 2064 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Есірткі таратудың 517 дерегі тоқтатылған. Бұл жағдайдың бәрінде әрбір үшінші дерек интернет арқылы жасалған.
"Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ жойылды. Олар синтетикалық заттарды сатумен және жеткізумен айналысқан. Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастыру және оған мүше болу әрекеті бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның аясында 66 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 16 есірткі зертханасы анықталып, жойылған. Оның тең жартысы синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Алматы қаласында - 4, Алматы облысында - 3, Шымкентте бір зертхана анықталып, жойылды", – дейді Шыңғыс Алекешев.
Ал есірткі өндірісіне қатысқан 15 адам ұсталған. Олардан 128 келі есірткі тәркіленген. Ішкі істер министрлігі тәркіленген препарат көлемінің артып жатқанына да алаңдаушылық білдіріп отыр. Мысалы, 2018 жылы бес келі синтектикалық есірткі анықталған, араға бес жыл салып 2023 жылы бір тонна психоактивті зат тәркіленген. 2024 жылдың үш айында 225 келі синтетикалық зат тәркіленді.
"Интернет арқылы жасалатын есірткі диллерлігіне қарсы күреске ерекше назар аударылып отыр. Ішкі істер министрлігінде "кибернадзор" деген ақпараттық жүйе іске қосылды. Оның көмегімен есірткі сайттарын бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісті ақпарат жіберіледі. Биыл үш айдың ішінде есірткінің таралуы туралы ақпарат жарияланған мыңға жуық сайт анықталып, бұғатталды", – дейді министрліктің ресми өкілі.
Алекешевтің айтуынша, бұған дейін қандай да бір затты есірткі деп тану үшін заңға өзгеріс енгізу қажет болған. Ал ол кем дегенде бір не екі жылға созылған. Қазір есірткі тізімі Үкімет қаулысы арқылы бекітіледі.
"Синтетикалық заттың жаңа түрін есірткі деп тану процесін жылдамдату дереу іс-қимылға көшуге және күдіктіні жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Қазірге дейін 125 жаңа синтетикалық зат есірткі тізіміне қосылды. Қылмыстық кодекс те ақпараттық-коммуникациялық жүйені қолдану арқылы жасалатын жаңа қылмыстық әрекеттермен толықты. Интернет арқылы есірткі қылмысымен айналысу ауыр және аса ауыр қылмыс қатарына қосылды. Есірткіні жарналау да қылмысқа жатады", – деді Шыңғыс Алекешев.
Министрліктің өкілі баланың "закладчик" болып жүргенін анықтау жолдарын да айтты. Оның сөзінше, ата-ана ең алдымен баланың телефонында подъезд, үй қабырғасы, аялдаманың фотосы бар-жоғына назар аудару қажет. Сондай-ақ жеке заттарының арасында электронды таразы, пакет, дәрі, көзге тамызатын дәріге ұқсас сұйықтық сынды заттардың болуы да "белгі" қатарында бар.
"Араласатын ортасы өзгеріп, бойынша тәкаппарлық пайда болса, әңгімені тоқтатуға ұмтылыс байқалса, күн тәртібі өзгерсе, ата-ана назар аударуы қажет. Егер балада ақша немесе жаңа заттар пайда болса және оның қайдан келгенін түсіндіре алмаса, мұны да бір "белгі" деп қараған жөн. Бұл белгілер анықталса, баламен тез арада сөйлесіп, оны бақылауға алу қажет", – дейді Шыңғыс Алекешев.
Сондай-ақ мамандар балаға жауапкершілікке 16 жастан бастап тартылатынын, есірткі саудасы үшін 10 жылдын өмір бойына сотталатынын түсіндіру қажет деп санайды.