ҰҚК: Қазақстанда қылмыстық топтардың 50 мүшесі ұсталды
Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекет басшысының қылмыс пен деструктивті әрекетке қарсы күресте қатаң шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
ҰҚК мәліметінше, 2024 жылғы 18 қыркүйекте ҰҚК, ІІМ және БП ведомствоаралық жедел-тергеу тобы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстауға арналған операция жүргізді.
"Барлығы 50 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оларға тауарлар мен автокөліктерді аса ірі көлемде ұрлау арнасын ұйымдастырды, сонымен бірге ұйымдасқан қылмысты қаржыландырды деген күдік келтіріліп отыр. 20-дан астам адамның сеніміне кіріп, 2 миллиард теңгеден аса мүлік тонаған", – делінген хабарламада.
Топтың нақты иерархиясы мен қатысушыларының рөлдері бөлінген, олар қылмыс пен деструктивті діни ортаның өкілдерінен, соның ішінде түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерден құралған.
"Тінтулер барысында банк карталары, ірі ақша қаражаты, экстремистік әдебиеттер, ақша аударымдары жазылған жазбалар және тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар табылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп хабарлады ҰҚК.