Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергиясы, жылу және су ресурстарын үнемдеп, ұтымды пайдаланудың маңыздылығына назар аударды. Мемлекет басшысы бұл мәселеде тек мемлекеттік органдар ғана емес, әрбір азамат та жауапкершілік танытуы тиіс екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, электр қуаты, жылу мен су – күнделікті тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Сондықтан оларды ысырапсыз, ақылмен пайдалану бүкіл қоғам үшін ортақ талапқа айналуы қажет. Бұл, өз кезегінде, экономиканың тұрақты дамуына да тікелей әсер етеді.

"Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Соның бәрін үнемдеп, ақылмен пайдаланған абзал. Жалпы, бұл – тұтас экономикаға ортақ талап. Ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Халқымыз "Үнемшілдік – ырыстың кілті" деп бекер айтпаған. Біз осы қасиетті ұлттық дағдымыз етіп, қоғамда мүлдем жаңа мәдениет қалыптастыруымыз керек", – деді Мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Тәуелсіздік күнімен құттықтады: Озық ойлы ұлт ретінде берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек


Сонымен қатар Президент еңбек адамдарының ел үшін атқарып отырған қызметін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қажырлы еңбегі Қазақстанның энергетикалық дербестігін нығайтуға тікелей ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті, таза әрі қуатты мемлекет құру жолында адал еңбек ететін азаматтар әрдайым жоғары сый-құрметке лайық екенін жеткізді. Мемлекет басшысы ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру елдің ұзақ мерзімді дамуы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі екенін баса айтты.