Үндістандық Mont Vert Group Қазақстанда медуниверситет және аурухана салады
Үндістанның Mont Vert Group құрылыс компаниясы қазақстандық Big B корпорациясымен жалпы құны 500 миллион АҚШ доллары болатын келісімге қол қойды. Оның аясында құрылыс компаниясы Қазақстанда заманауи медициналық университет және көппрофильді аурухана салады.
Келісім туралы SRAM & MRAM Group жаһандық конгломератының мерейтойлық шарасының аясында жарияланды. Бұл – Қазақстан мен Үндістанның денсаулық сақтау және білім беру саласындағы әріптестігінің жаңа кезеңі болмақ.
Келісім аясында нысандар екі қалада – Астанада 243 гектар аумақта және Алматыда 100 гектар аумақта бой көтереді. Астанада салынатын медициналық университетте 10 мың студент білім алатын болса, Алматыдағы көппрофильді аурухана 1000 төсек-орынды қамтиды.
"Mont Vert Group Үндістандағы жылжымайтын мүлік саласындағы көшбасшы компания. Ол жоғары стандарттарды ұстанады. Денсаулық саласындағы жаһандық бастамаларда өзін абырой-беделі жоғары компания ретінде дәлелдеген компания", – деп атап өтті SRAM & MRAM компаниялар тобының төрағасы Сайлешлачу Хиранандани.
Қазақстандағы жоба үшжақты (SRAM & MRAM Group, Big B Corporation және KAZIND Medical Group арасындағы) серіктестік аясында жүзеге асырылады.
Тараптар жоба жүзеге асқан жағдайда ол тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы көршілес елдерге де қызмет көрсететін жетекші медициналық қызметтер мен медициналық білімдің өңірлік орталығына айналады деп болжап отыр.
Еске салайық, 2024 жылы қазанда Қазақстан үкіметі аталған жобаға жер учаскесін бөлуді мақұлдаған болатын. Жоба аясында мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылады.