Үндістанның Пуне қаласындағы Вирусология ұлттық институтының ғалымдары Nipah деп аталатын адам өміріне аса қауіпті вирусты анықтады, деп хабарлайды The Times of India.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жарқанаттардан табылған вирус әлемдегі ең қауіпті аурулардың бірі екенін айтады.

Басылым мәліметінше, қазіргі сәтте бұл вирусқа қарсы емдейтін дәрі мен вакцина жоқ. Оны жұқтырғандар 65-100% жағдайда көз жұмады.

Үндістанда бұл вирус 2001, 2007, 2018-2019 жылдары аралығында өршіген болатын. Кейін 2020 жылдың наурыз айында ғалымдар Махабалешвара үңгіріндегі 80 жарқанаттың сынамасын тексеріп, Nipah вирусына антидене мен РНҚ тапты.

Медицина қызметкерлері бұл вирустан дәрі мен вакцинаның жоқтығына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Жарқанаттар бұдан өзге адамдар арасында Хендра, Марбург, Эбола сынды вирустардың таралуына себепші. Сондай-ақ, жарқанаттар бұл вирусты адамдардан бөлек жануарлар, ірі қара және мысық-ит секілді үй жануарларына жұқтыра алады.