Еуразиялық даму банкі мен India Exim Bank бірлесіп ұйымдастырған вебинар аясында "Үндістан мен Орталық Азия арасындағы сауда және инвестициялық қатынастарды дамыту: экономикалық мүмкіндіктерді ашу" атты бірлескен есептің таныстырылымы өтті. Бұл – екі қаржы институтының алғашқы бірлескен бастамасы болып, Үндістан мен Орталық Азия республикалары арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту қажеттілігін айқындады. 

ЕДБ басқарма төрағасы Николай Подгузов банктың Орталық Азиядағы берік позициясын атап өтіп, Үндістанмен өзара іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін айтты. Оның мәліметінше, банк жыл сайын шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын қаржыландырады, ал Орталық Азиядағы жобалар портфелі 9 млрд долларға жуық. 

"Үндістан электр жабдықтары, көлік құралдары мен фармацевтика өнімдерін импорттауда жетекші ел болса, Орталық Азия минералдық отын, тыңайтқыштар мен бағалы тастар экспортында әлеуетті серіктес бола алады. Сондықтан тұрақты сауда дәлізін қалыптастыру – уақыт талабы", – деді Николай Подгузов. 

Өз кезегінде India Exim Bank басқарушы директоры Харша Бангари халықаралық саудада қаржыландыру құралдарының шешуші рөл атқаратынын атап өтті. 

"Әлемдік сауданың шамамен 80 пайызы сауда қаржыландыру тетіктеріне сүйенеді. Біз Үнді экспортерлерін, соның ішінде Орталық Азиядағы инфрақұрылым, денсаулық сақтау және жаңартылатын энергия жобаларына қатысушыларды қолдаймыз", – деді ол.

Баяндаманың негізгі тұжырымдары Үндістан мен Орталық Азия арасындағы өзара сауда әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Соңғы 15 жылда екі өңірдің экономикалары екі еседен астам өскен. 2024 жылы Орталық Азияның жалпы ішкі өнімі 522 млрд АҚШ долларын, ал Үндістанның ЖІӨ көрсеткіші 3,9 трлн долларды құрады.

2023 жылы екіжақты сауда көлемі 1,72 млрд долларға жетті. Үндістаннан Орталық Азияға негізінен фармацевтикалық өнімдер (37,9%), электр жабдықтары (12,1%) және машиналар (10,4%) экспортталды. Ал Үндістанның импортының басым бөлігін минералдық отын (35,3%), тыңайтқыштар (21,3%) және бейорганикалық химикаттар (13%) құрады.

Николай Подгузов халықаралық көлік дәліздерінің маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі жүк тасымалының уақыты мен құнын азайтып, екі өңірдің экспорттық әлеуетін арттыра алады.

India Exim Bank өкілі Харша Бангари Үнді компанияларының аймақтағы қатысуы артып келе жатқанын айтты. Банк қолдауымен Үндістан компаниялары Қазақстан, Тәжікстан және Түрікменстанда инфрақұрылым мен энергетика жобаларын іске асыруда.

Фото: Еуразия даму банкінің ресми сайты

Баяндаманың қорытындысында Орталық Азияның Азия мен Еуропаны жалғайтын стратегиялық көпір ретіндегі маңызы атап өтілді. Үндістан үшін бұл өңір жаңа нарықтар мен энергия көздерін әртараптандыруға мүмкіндік берсе, Орталық Азия үшін Үндістан әлемдік деңгейдегі тұтыну нарығына, инвестиция мен технологияға жол ашады.

ЕДБ мен India Exim Bank тараптары қаржылық ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, сауда қаржыландыру тетіктерін дамыту және көлік-логистика инфрақұрылымына бағытталған инвестициялар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік экономикалық интеграцияға серпін береді.