Ұлытау облысының Жезді кентінде апатты деп танылған үйлердің орнына жаңа баспана тұрғызу үшін аумақ белгіленді. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қаражат мәселесін қарастыру үшін арнайы қаулыға қол қойды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі

Кенттегі Сәтбаев көшесінің бойына 80 шаршы метр болатын үш жаңа үйдің құрылысы басталады. Осылайша жыл соңына дейін су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға пәтерлердің кілттері табыс етілмек.

Үйлер салынатын жер теліміне инженерлік жүйе тартылған. Орталықтандырылған кәріз және су жүйесі аумаққа жақын орналасқан. Қазіргі таңда мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы құрылыс компаниясы анықталған соң, үйлерді салу жұмыстары бірден басталады.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге коммуналдық төлемдерді төлеу кейінге шегеріледі


Одан бөлек, облыс әкімінің қаулысына сәйкес, баспаналарына су кірген отбасылардың үйін жөндеуден өткізу үшін келесі аптадан бастап қаржылай көмек беріле бастайды.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін тұрғындарға мемлекет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы, демеушілік есебінен шығын болған техникалар берілген болатын.