Ұлытау облысының әкімі мәслихат депутаттарына есеп берді
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалғаны туралы есеп берді.
Облыс басшысы биыл атқарылған барлық саладағы жұмыстарды баяндады. Сөзінше, 2023 жылы қаңтар-тамыздағы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 96,8 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,8%-ға өскен.
Ал халық санының өсуіне байланысты, облыста 7 үй салынды. Оның екеуі жалға берілетін, біреуі кредиттік және 4 коммерциялық үй. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 172,8 млн. теңгеге 18-ден астам пәтер сатып алынады.
“2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық шеңберінде ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жүргізілді, жөндеу науқанына барлығы 11,7 млрд теңге бағытталды. 2 қазандық пен 3 турбинаның ағымдағы жөндеуі аяқталды. Сонымен қатар "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бойынша Қабанбай батыр кентінде 300 оқушыға арналған мектеп салу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Облыс туризм саласында үлкен әлеуетке ие. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлардың арқасында бізде туризмнің барлық түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. Ағымдағы жылдың 6 айында келуші туристер саны 18% өсіп, 14 мың адамды құрады, бұл ретте өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық өсіп, 506 адамды құрады", – деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, ауыл халқының табысын арттыру мақсатында "Ауыл Аманаты" жобасы да іске асып жатыр. Биыл жалпы соммасы 3,3 млрд теңгеге 581 адамға жылдық 2,5% шағын несие беру жоспарланған. Ал жыл басынан бастап 50-ге жуық адамға қолдау көрсетілген.
Берік Әбдіғалиұлы барлық көрсеткіштерді негізге ала отырып 2023 жыл қорытындысында оң динамика күтілетін жеткізді. Айтуынша, облыстық бюджет қаражатынан басқа, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражаты есебінен ағымдағы жылы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар, биыл құны 1,1 млрд теңгені құрайтын Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 9 фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы аяқталады.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі: "Жыл соңына дейін Жезқазған қаласында 36 төсек-орынға арналған қонақ үй кешенінің құрылысы аяқталады. Ұлытау ауданында рекреациялық аймақтарды абаттандыру бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, іс-шаралардың барлық кешенін іске асыру облыс тұрғындарының тұруы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді".
Айта кетейік, халықтың жан басына шаққанда бюджет қаражатының көлемі 629,1 мың теңгені құрайды, бұл республика бойынша орташа деңгейден 1,5 есе жоғары. Облыс бұл көрсеткіш бойынша елде 6-шы орында.
Ал 2024 жылға арналған облыстық бюджет жобасы 1,2 есеге өсіп отыр. Биыл бекітілген бюджетпен салыстырғанда трансферттер 1,8 есеге, меншікті кірістер 1,2 есеге ұлғайды.
Облыстық бюджет қаражатынан басқа, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражаты есебінен ағымдағы жылы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асып жатыр.