Ұлытау облысында полицейлер 100-ге жуық ұрланған малды иелеріне қайтарды
Ұлытау облысында 5 қыркүйектен бері жүргізіліп жатқан "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 100-ге жуық малды заңды иелеріне қайтарды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейд кезінде полиция қызметкерлері өңірдегі 2300 шаруа қожалығын, мал соятын алты арнайы орынды, сондай-ақ ет саудасымен айналысатын 34 дүкен мен базарды тексерді.
"Криминалды полицияның жоспарлы жұмысы нәтижесінде 15 мал ұрлығы фактісі ашылды. Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде 17 адамнан құралған 4 қылмыстық топ ұсталып, олардың алтауы сот үкімімен түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мал ұрлығының екі эпизодына қатысы бар екі азаматтың кінәсі дәлелденді. Құқық қорғау органдарының тиімді жұмысының арқасында 100-ге жуық мал иелеріне қайтарылды", – делінген хабарламада.
Іс-шара аясында қараусыз жүрген малдар уақытша айып тұрақтарына орналастырылады. Қазіргі таңда өңірде 26 арнайы мал қамайтын орын жұмыс істеп тұр.