"Иннопром Қазақстан" көрмесінің аясында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен Ресей Федерациясы Новгород облысының губернаторы Андрей Никитиннің кездесуі өтті. 

Өңір басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, осы бағытта әлеуетті арттыру туралы ниет білдірді. 

2022 жылдың 28 қарашасында Орынбор қаласында қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асыруға өңір басшыларының кездесуінде Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Д.Рыспеков және Новгород облысы губернаторының бірінші орынбасары Е.Богданов 2023-2025 жылдарға арналған екі облыс арасындағы ынтымақтастық жол картасына қол қойды. 

Жол картасы өнеркәсіп, сауда, білім, медицина, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастықты білдіреді.

Одан бөлек, "Ұлытау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен Новгород облысының даму агенттігі арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды.

Жоғарыда көрсетілген ынтымақтастық өңірдің сауда-экономикалық және әлеуметтік-мәдени саласын дамытуға және өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.