Ұлытау, Абай, Жетісу облысының жастарына 5 мың оқу гранты бөлінді
Мемлекеттік грант иегерлері еліміздегі үздік оқу орындарында білім алады. Жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы қарастырылған.Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңадан құрылған өңірлердегі жастарды қолдау үшін 5000 грант бөлді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Оның 300-і Ұлытау облысына тиесілі. Мемлекеттік грант иегерлері еліміздегі үздік оқу орындарында білім алады. Жатақханадан орын беріліп, шәкіртақы қарастырылған. Студенттер оқуды аяқтағаннан соң жұмыс орнын өзі таңдайды.
Гранттар бөлуде жаңа облыстың құрылуына орай сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген. Сонымен қатар өңірде кадр тапшылығын жою үшін облыс әкімдігі тарапынан да ең қажет мамандықтар бойынша қосымша 90 грант қарастырылған.
"Педагогикалық ғылымдар бойынша 50, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша 45, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика саласы бойынша 55 және инженерия, өңдеу және құрылыс салаларына 150 грант беріліп отыр. Халықаралық деңгейдегі жақсы университеттерге, Қазақстанның маңдайалды университеттеріне де, біздің өңір үшін, біздің өңірдің жастары үшін өте жақсы мүмкіндік", – дейді білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова.