"Ұлы Дала" ұғымы Конституцияның Преамбуласында пайда болуы мүмкін
Бүгін Конституциялық сот сайтында Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасы жарияланып, ол ел халқының танысуына ұсынылды. Конституция мәтініне қатысты ұсыныс пен пікірлер әлі де қабылданады.
Жаңа жобаның Преамбуласында "Ұлы Дала" ұғымына ерекше маңыз берілген:
"Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз".
Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов бұған дейін Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарғанын атап өткен болатын.
“Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты", – деді ол.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды
- Жаңа Конституцияның бірінші жобасы кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады