Ұлттық қызметтік паспорт иелері Бельгия, Люксембург және Нидерланд корольдігіне визасыз бара алады
Бенилюкс елдерінде визасыз бір рет болу мерзімі – 90 күннен аспауы тиіс.Қазақстан мен Бенилюкс елдері (Бельгия, Нидерланд корольдігі және Люксембург) арасында аталған елдердің ұлттық қызметтік паспортқа ие азаматтарын визалық талаптардан өзара босату жоспарланып отыр. Оған сәйкес, аталған қазақстандықтар Бенилюкс тобына жататын елдерге 90 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған үкімет қаулысының жобасынан белгілі болды.
"Жарамды ұлттық дипломатиялық немесе ұлттық қызметтік паспорттардың иелері болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары күнтізбелік әрбір 180 күннің ішінде күнтізбелік 90 күннен аспайтын мерзімде Бенилюкс мемлекеттер аумағына визасыз кіре алады және қала алады", – делінген тараптар арасындағы келісімнің жаңа жобасында.
Бұл келісімнің алғашқы, қазіргі қолданыстағы нұсқасына сәйкес, визалық талаптардан босату жеңілдіктері тек ұлттық дипломатиялық паспорт иелеріне ғана жасалатын.
Еске салайық, қызметтік паспортты ҚР Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық басқармасы, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегi дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi бередi.
"Жобаның қабылдануы Қазақстан Республикасы мен Бенилюкс мемлекеттері арасындағы тығыз ынтымақтастықты және дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелерін визалық талаптардан өзара босатуға мүмкіндік береді", – делінген Сыртқы істер министрлігінің түсіндірме жазбасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады
Құжатты жария талқылау мерзімі – 17 қазанға дейін.