Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың тоғызқұмалақ ойынының атауын тоғызат деп өзгерту жөніндегі ұсынысына қатысты мәлімдеме жасады. 

"Тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны "Адамзаттың мәдени мұрасы" деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ ұлтымыздың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз. Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы", – деді Әлихан Бәйменов. 

Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Бәйменов

Оның сөзінше, қазір әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысады. 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен 6 әлем чемпионаты өткен.

"Жаханға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда. Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация,тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер , маслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс жасаймыз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды", – деді федерация басшысы.


Оқи отырыңыз: Асық ату мен тоғызқұмалақ мектеп оқушыларын тәрбиелеу жоспарына енгізілді


Еске салайық, кеше "AMANAT" партиясы фракциясының мүшелері атынан Гүлдара Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, "тоғызқұмалақ" ойынының атауын "тоғызат" деп өзгертуді ұсынған болатын. 

"Тоғызқұмалақтың атауы әуелден "Тоғызат" екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атауы да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этно-мәдени ойыны спортқа ғана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр. Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен "Тоғызат" атауын қалпына келтіру шараларын қолға алуымыз қажет. Бұл спорттың алға басуына жол ашып, әлемдік назар аудартатын еліміздің лайықты бренді болары күмәнсіз", – деді депутат Гүлдара Нұрымова.