Ұлттық банкке қарызы бар экс-банкирден Алматы маңындағы 960 гектар жері алынды
Бұрын сотталған Орифжан Шадиевтің қарыздарын қайтару эпопеясы жалғасуда.Алматы облысының Іле ауданындағы кәсіпкер Орифжжан Шадиевке тиесілі 960 гектар жер Ұлттық банкке қайтарылды. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.
Қала прокуратурасы сот актілері мен сот үкімдерін талдаудың негізінде Capital Bank Kazakhstan АҚ мен AsiaCreditBank АҚ таратылған банктердің жалғыз акционері болып саналатын борышкердің активтері шығарылғанын анықтады.
"Жауап берушінің қарызы 15 млрд-тан астам теңгені құрады. Прокуратура ҚР Ұлттық Банкінің мүддесіне, жауап берушінің жер учаскелерін сату-сатып алу шарттарын жарамсыз деп тану жөнінде талап арыз берді", – деп жазылған хабарламада.
Алматы облысы Іле аудандық сотының шешімімен Алматы қаласы прокуратурасының талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.
Сот алқасының қаулысымен сот актісі өз күшінде қалдырылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 700 млн теңгеге заңсыз сатылған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды
2023 жылдың шілдесінде Шадиев AsiaCreditBank-тің тарату комиссиясына 16,7 миллиард теңге залал келтіргені үшін бір жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сотта кәсіпкер мен оның көмекшісі банктің қиын қаржылық жағдайын біле тұра, кепілзаттың нарықтық құнын негізсіз өсіргені анықталды.
Сотталғандар үкімге апелляциялық шағым түсіріп, тамыз айында олардың жазасы пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеуге ауыстырылды.
Сонымен қатар, 2021 жылы Алматының Наурызбай аудандық соты Шадиевтен Ұлттық банк пайдасына 16 миллиард теңгеге жуық соманы өндірді. Содан кейін Шәдиевтің Capital Bank Kazakhstan-дан тұрақтандыру несиесіне кепіл болғаны белгілі болды. Өткен жылдың сәуір айында Ұлттық банк кәсіпкердің сол кезде қарызға небәрі 1,8 миллиард теңге төлегенін хабарлады.