Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл туралы реттеушінің баспасөз қызметі хабарлады.

Инфляция динамикасы

Жылдық инфляция қазанда 12,6% болды (қыркүйекте – 12,9%). Баға өсімі мынадай:

  • азық-түлік тауарлары – 13,5%;
  • азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 11%;
  • қызметтер – 12,9%, ТКШ тарифтерін төмендетудің әсерінен баяулаған.

Ұлттық банк инфляцияға ең үлкен үлесті азық-түлік бағасының өсімі енгізіп отырғанын атап өтті. Сонымен бірге жанармай мен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы азық-түлікке жатпайтын инфляцияны жеделдетіп жатыр. Қазанда айлық инфляция 0,5%-ға дейін төмендеді, бірақ базалық инфляция 1% болып, жоғары деңгейде қалды. Бұл – жылдық мәнде шамамен 12,2%. Тұтыну қоржынындағы тауарлар мен қызметтердің 80%-ы 5% инфляциялық таргеттен жоғары өсім көрсетіп отыр.

Ұлттық банктің бағалауынша, жоғары инфляциялық болжам, базалық инфляцияның орнықтылығы және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсері мөлшерлемені 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін төмендетуге мүмкіндік бермейді.

"Инфляцияның орнықты баяулауына сенім болмаса, ақша-кредит жағдайы қатаңдатылуы мүмкін", – делінген мәлімдемеде.

Базалық мөлшерлеме жөніндегі келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланады.