Үлкен Алматы айналма автожолымен жүру қызметі 2026 жылдан бастап қымбаттайды деген ақпараттың тарауына байланысты Көлік министрлігінің Автожолдар комитеті Kolesa.kz сұрауына орай түсініктеме берді. 

Оған сәйкес, төлемақы мөлшерлемесін көтеру жобасы әлі әзірленіп жатқаны белгілі болды. Дегенмен, тарифтің көтерілетіні анық. Ол бойынша жол ақысы:

  • Жеңіл автокөліктер үшін – 0.07-ден 0.14 айлық есептік көрсеткішке дейін (605,5 теңге).
  • Басқа санаттағы көлік құралдары үшін – пропорционалды түрде өседі. 

Дегенмен көлік иелері ақыны алдын-ала төлейтін болса, онда 50% көлемінде жеңілдік беріледі, яғни бұрынғы бағамен төлеуге болады. Ал жаңа тариф жол ақысын кешіктіріп төлейтіндер үшін қолданылмақ. 

"Компания сондай-ақ Талғар, Қарасай және Іле аудандарының елді мекендерінде тіркелген тұрғындар үшін қолданыстағы айлық және жылдық абонементтердің құны өзгермейтінін хабарлады", – де жазды басылым.