Үкіметтің орташа жасы – 43 жас. Министрлер кабинеті қаншалықты жасарды?
Бұған дейін 39 жастағы Бағдат Мусин мен Әлібек Қуантыров ең жас министрлер болса, енді бұл тізімді 32 жастағы Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменова бастап тұр.Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасады. Премьер-министрдің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы және бес жаңа министр тағайындалды. Жаңа министрлердің екеуі 32 жаста, 1990 жылы дүниеге келген.
Осыған орай, Информбюро порталы Үкіметтің қаншалықты жасарғанын есептеп шығарды. Ескерту: есепке үкімет басшысы, оның орынбасарлары және министрлерінің жасы алынды.
Үкіметтің бұрынғы құрамының орташа жасы 47 жас болса, ол жаңа тағайындаулардан кейін 43 жас болып, 4 жасқа жасарды.
- Ең жас министрлер – 32 жастағы Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменова (1990 жылы туған);
- Ең егде жастағы министр – 58 жастағы Марат Ахметжанов (1964 жылы туған).
Оқи отырыңыз: Үкіметте – ауыс-түйіс. Жаңа министрлерді таныстырамыз
Үкімет құрамында гендерлік тұрғыда да өзгеріс бар. Бұған дейін екі әйел министр (Тамара Дүйсенова мен Ажар Ғиният) болса, олардың қатарына су жаңа экология министрі Зүлфия Сүлейменова қосылды.