Үйінде тұрмайтын жандарды тіркеп, пайда табатындарға жаза күшейтілуі мүмкін
Қазақстанда өз үйінде өте көп адам тіркеген 1348 пәтер иесі анықталған.ҚР Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Аслан Аталықов осы мәселеге қатысты заңнамаға тиісті түзетулер енгізіліп жатқанын хабарлады.
"Қазір жалған тіркеулерге қатысты нормаға түзету енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, жалпы үйге тіркелетін адам санына шектеу қойылмайды. Алайда үйге адам тіркеп, одан пайда табу заңсыз деп саналады. Мамандар үйінде тұрмайтын адамды тіркеуге алу әрекетін іске асыруға жол бермеу талаптарын ұсынып отыр. Сәйкесінше бұл құжат алдағы уақытта Парламентте қаралуы мүмкін", - дейді Аталықов.
Көші-қон комитеті төрағасының айтуынша, бүгінде өз үйінде өте көп адам тіркеген 1348 пәтер иесі анықталған. Сондай-ақ, жақында өзінің аядай ғана пәтеріне 900-ден астам адамды тіркеуге қойған астаналық азамат та назарға ілігіпті. Ол азамат қазақстандықтардан бөлек, шетелдіктерді де өз пәтеріне тіркеген. Пәтер иесі "заңсыз көші-қонды ұйымдастырған" деп танылып, оған екі жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.