Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізу туралы қаулы жобасын бекітті.

Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қаулы жобасын қарауға шығаруды ұсынды.
"Құрметті Олжас Абайұлы, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумға бастамашылық жасау және республикалық референдумды өткізу туралы Қазақстан президентінің Жарлығы жобасын Қазақстан президентінің қарауына енгізу туралы үкімет Қаулысының жобасын қарауға шығаруды ұсынамын", – деді ведомство басшысы.

Премьер-министр Олжас Бектенов аталған мәселе өзекті екенін атап өтті.

"Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл саланың перспективасы зор екені анық. Бізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар.Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып табылмақ. Әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артып отырған бүгінгідей жағдайда бұл мәселенің маңызы айрықша", – деді ол.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде елімізде энергетикалық қуат тапшылығы бар.

"Проблеманы осы бастан шешпесек, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуымызға тура келеді. Көптеген ел атом энергиясына иек артады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның үстіне халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларына инвестиция салудан бас тартып жатыр. Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда да аталған мәселенің маңызы арта беретін болады. Ал жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Алайда экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің пікірінше, атом энергетикасын дамыту Қазақстан үшін болашағы өте зор бағыт саналады.

"Заманауи Атом электр станциялары көп деңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алады. Сонымен қатар шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді. Бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген саласына инновацияларды қолдануға ынталандырад әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз. Осыған байланысты ұсынылған Үкімет қаулысының жобасына дауыс беруді ұсынамын", – деді премьер-министр.

Үкімет мүшелері Қаулы жобасын қабылдады.

"Энергетика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірге Жарлық жобасын Президент Әкімшілігіне енгізуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.