"Тұтас елді қорлау". Депутат Бапи туды қорлағандардың тасасында үлкен күштер тұрғанын айтты
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік танытқандарға жазаны күшейтіп, діни радикалдарға бақылауды күшейтуді талап етті.
Бұл сауалға Атырауда қара жамылған төрт әйелдің арабша жазуы бар қазақ туын ұстап түскен суреті себеп болған. Бұл оғаш оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, азаматтардың ашу-ызасын тудырған болатын.
"Бет-ауызын тұмшалап, қара жамылған төрт әйел мұз айдынында өткен спорттық жарыс кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын ұстап түскен сурет әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кетті. Олардың қолындағы мемлекеттік тудың бетіне араб жазуы мен араби қылыштың сұлба-суреті салынған. Мұнда біздің назарымызды аударған – көк тудағы араб қарпіндегі жазудың өте сапалы түрде, арнайы баспа құралымен таңбалануы. Демек, бұл – жай ғана тұрмыстық бұзақылық, әдепсіз шектен шығушылық қана емес. Бұл – біздің қоғамымызға, мемлекеттігімізге, ұлттық дәстүріміз бен бірегейлігімізге жасалған ашық және нақақ қарсылық", – деді Ермұрат Бапи.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Туымызды тік ұстау – әр азаматтың перзенттік парызы
Оның айтуынша, мемлекеттік туды қорлау – бүкіл халықты, тұтас мемлекетті қорлау. Сондықтан мұндай заң бұзушылық қатаң әрі мүлтіксіз жазалануы тиіс.
"Бірақ ескере кететін бір жәйт – елдің туын бүлдіру арқылы жат пиғылды дәріптемек болған бұл төрт қыз әлдебір арандатушы топтың құрбаны болуы мүмкін. Олар жастық алаңғасырлықпен, әлде материалдық қызығушылықпен немесе діни сауатсыздықпен жасаған бұл өрескел заң бұзушылықтың тасасында тұрған әлдебір кереғар күштер бар сияқты. Міне, әкімшілік тұрғыдағы жазасын алған төрт қыздан бұрын, осы қылмысты әрекетті ұйымдастырушылар жазаға тартылуы тиіс", – деді депутат.
Сондай-ақ, Ермұрат Бапи бұрмаланған мемлекеттік туды сатқан маркетплейстерге қарсы санкция салу мәселесін де көтерді.