Тұрсынбек Қабатов ұшақта тәртіп бұзғаны үшін 5 тәулікке қамауға алынды
Ол ұшақ бортында мас күйде әдепсіздік жасаған.Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов бес күнге қамауға алынды. Тұрсынбек Қабатовқа қатысты істі Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
"Айыпталушы ұшақ бортында әдепсіз сөздер айтқан. Ол стюардессалардың қызметіне көңілі толмай, оларға өз ескертуін білдірген. Әзілкеш өзінің әдепсіз сөз айтқаны немесе айтпағаны есінде жоқтығын алға тартқан, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін кешірім сұраған", – делінген хабарламада.
Жанжалға аға стюардесса куә болған.
Оның айтуынша, құқық бұзушы ұшақ бортында мас күйінде болған және әдепсіз сөздер айтып, сол арқылы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған. Тұрсынбек Қабатовтың кінәсі дәлелденді.
"Айыпталушы ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол әкімшілік жазаға тартылды - бес тәулікке қамауға алынды", – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне әлі енген жоқ.