Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен өткен кеңесте тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балалар мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми Telegram арнасы жазды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетудің пәрменді бағдарламасын әзірлеу міндетін қойған болатын. Осы тапсырманы орындау аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандары 16 қазаннан бастап 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығына тәулік бойы хабарласа алады", – деп жазылған хабарламада.

Қалалық нөмірлер мен ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалу тегін.


Оқи отырыңыз: Кісі өлтіру, зорлау, ұрып-соғу. Бес облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейген.


Азаматтарға қажетті көмек мәтіндік диалог арқылы да көрсетілетін болады. Қиын жағдайға тап болған қазақстандықтарға көмек көрсету үшін білікті психологтар мен заңгерлер тартылды.

Бірыңғай сенім телефоны мемлекеттік шұғыл қызметтер тізбесіндегі 101, 102, 103 және тағы басқа нөмірлердің қатарына енгізіледі. Бұл азаматтарға құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу арқылы жедел түрде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.