Түркияның солтүстік-батысындағы Карталкая тау шаңғы курортында ағаштан салынған қонақүйдің 12 қабатында болған өрттен қаза болғандар 76 адамға жетті, деп хабарлайды ВВС.

Бұған дейін 66 адамның қаза болғаны және 51 адам зардап шеккені айтылған. Өрт ағаштан салынған ғимараттың 12 қабатында басталған. Өрт басталған кезде онда 230-дан астам адам болған. Олардың кейбірі өрт басталған кезде қонақүйдің терезесінен секіріп кеткен. Кейбірі көрпелер мен төсеніштерді бір-біріне байлап төменге түспек болған.

Өрт құрбандарының көп болуына байланысты 22 қаңтар елде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, оқиғаға кінәлілердің лайықты жазасын алатынын айтты.

"Қайғылы оқиғаға қатысы барлар, сонымен қатар абайсыздық пен құқық бұзушылықтарға кінәлілер заң алдында жауап береді", – деді Режеп Тайып Ердоған.

Өрттің себебін тергеу бойынша тоғыз адам ұсталды. Арасында қонақүй иесі де бар. 

Қазақстан СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров "өрттен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтарын жоқ екенін" мәлімдеді. Өрттің неден шыққаны белгісіз – үкімет оқиғаны тергеу үшін алты прокурор тағайындаған.