Түркістан қаласындағы №24 Мұстафа Шоқай атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары сабаққа ұлттық нақыштағы киім киіп келіп жүр. 

Ұлттық нақыштағы киім киген оқушылар. Фото мектеп басшылығының рұқсатымен жарияланды

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лақабаева Информбюро порталына берген жауабында министрлік бекітіп берген мектеп формасының бар екенін және одан ешкімнің бас тартпағанын атап өтті.

"Министрліктің бекітіп берген мектеп формасынан бас тартқан жоқпыз. Ол мектептің ішкі тәртіп ережесіне енген. Ал ұлттық құндылықтарға негізделген бұл формамызды әр дүйсенбі күні оқушылар тәрбие сағатына киіп келеді. Мектеп ұжымы да ұлттық нақышта киініп келеді. Себебі, дүйсенбі күні бірінші сабақ тәрбие сағатынан басталады. Оқушылардың формасына келетін болсақ, барлығы ата-аналармен келісіліп, ешбір міндеттеусіз енгізілді", – деп түсіндірді маман. 

Мұнымен қатар ол бастауыштан жоғары сыныптарға дейін осы ұлттық нақыштағы форманы оқушылар наурыз аяқталғанша және тек дүйсенбі күні киетінін айтты.

Ата-аналар балаларын ұлттық нақышта киіндіру үшін 5-6 мың теңгеге шығынданған. Ұлдардың жеңі жоқ жейдесінің құны 4 мың теңге болса, қыздардыкі – 5 мың теңге. Ал тақия бағасы – 2 мың теңгені құраған. 


Оқи отырыңыз: "Жартылай кітапхана, жартылай мұражай". Қазақ мектебінің ұлттық моделі қандай болуы тиіс?


"Ата-аналар форманың дизайнын, материалын, тігетін орынды – бәрін өздері реттеді. Әр сыныптың формасы әртүрлі. Айта кетерлігі, мұндай бастама біздің ғана емес, Түркістанның бірқатар мектептерінде қолға алынған.Түркістан – рухани астана болғандықтан, мұндай игі бастамаларды ата-аналар да жылы қабылдады", – деп қосты Нұргүл Лақабаева.