Түркістан облысында ашылатын оңтүстіккореялық университеттің филиалында білім алған студенттер Оңтүстік Кореяда визасыз жұмыс істей алады, деп мәлімдеді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

Министрдің мәліметінше, алдағы екі жыл ішінде Қазақстанда Оңтүстік Кореяның жетекші техникалық университеттерінің 5 кампусы ашылады. Соның бірінде білім алған қазақстандық студенттер Оңтүстік Кореяда визасыз жұмыс істеу мүмкіндігін иеленеді. 

"Төртінші кампус Түркістан қаласында орналасатын болады. Оңтүстік Кореяда WOSONG дейтін жекеменшік университет бар. Аталған ЖОО-ға барып, арнайы кездесу өткізген болатынбыз. Сол университеттің кампусын салу үшін ғимарат пен 1,2 гектар жер беріп жатырмыз", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.