Түркістан облысында студенттер "әлімжеттіктің құрбаны болдық" деп шу шығарды
Түркістан облысы Арыс қаласындағы колледждің студенттері "әлімжеттіктің құрбаны болдық" деп шу шығарды. Оқу орнының бірінші курс студенттері "екінші курстың балалары ұрып-соғып, ақша бопсалайды" деп ашынады. Жәбірленген бозбалалардың ата-аналары да кінәлілерді жазалауды талап етті, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Таяқтан көз ашпаймыз деген студенттердің ата-аналары колледжге келіп, шу шығарды. Олар "балаларымызға 2-курс тәлімгерлері күн көрсетпей, ақша бопсалайды, айтқанын орындамаса тепкілейді" деп отыр.
"2-курстың балалары келеді де бұларға "счётчик" қояды. Счётчик қоя береді, қоя береді. Біз ақша жинап береміз бе? Неге жинауымыз керек? Әр неғылған сайын: "Мама, 2 мың теңге", "Мама, 3 мың теңге салып жіберші" деп телефон соғады. Сөйтіп, балалар ашынады", – деді студенттің анасы Лаура Омарова.
Осылайша, әлімжеттіктен қажыған балалар үлкендермен жаға жыртысып, соңы топтық төбелеске ұласқан. Ең сорақысы – жанжалға араша түсуге келген полиция инспекторы "бізді қорғаудың орнына қорлады" дейді бірінші курс студенттері.
"Біз оларға ақша тауып бермесек, олар бізді ұрады. Барлығымызды жинап алып ұрады. Кейін біз де балалармен жабылып оларды ұрдық. Сосын Қуаныш деген ағай келіп мені ұрды: шапалақпен соқты, тепті, жерге жығып тепкіледі. Ол – біздің колледжге қарайтын учаскелік полиция қызметкері", – деді колледждің I курс студенті.
"Участковый Қуаныш ағай шақырды да, маған қарай жұдырығын ала жүгірді. Боқтады. "Ағай, қойыңыз" деп айттым", – деді тағы бір I курс студенті.
Оқи отырыңыз: Сенат депутаты 21 жасқа дейінгі жастарға несие беруді заңмен шектеуді ұсынды
Балалар айтқан Қуаныш есімді инспектор да прокуратура алдына келген, алайда түсіру тобын көре сала бой тасалаған.
Ал колледж басшылығы мән-жайды анықтап, кінәлілерге шара қолданамыз деп сендірді.
"Жұмыс жүргізу барысында анықталып жатыр. Әлі шешілген жоқ. Оның қасында 11-мектептің балалары, гуманитарлық колледждің студенттері және біздің студенттер бар. Жұмыс жалғасып жатыр. Не анықталғанын білемін, бірақ әлі шешім шыққан жоқ", – деді №17 колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Шынар Асанова.
Кәмелетке толмағандар жөніндегі инспектордың студенттерді соққыға жыққаны туралы дерекке байланысты Түркістан облысының полиция департаменті қызметтік тексеріс бастаған. Қорытындысы бойынша инспектордың әрекетіне құқықтық баға берілмек.