Түркістан облысының Келес ауданында көпір опырылып құлады. Оқиға сәтін жергілікті тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, көпір Қошқарата ауылдық округінің аумағында орналасқан және Келес өзені арқылы өтетін облыстық маңызы бар автожолдың бір бөлігі болып саналады.

Келес аудандық әкімдігі көпірдің апатты жағдайы алдын ала анықталып, қауіп белгілері қойылғанын хабарлады. Соған байланысты дер кезінде шешім қабылданып, көпір арқылы көлік қозғалысы толық тоқтатылған.

"Қабылданған шаралардың арқасында адам шығыны мен материалдық залалға жол берілген жоқ", – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмыс жүргізіп жатыр. Ахуал толық бақылауда.

Алдағы уақытта көпірді қалпына келтіру және көлік қатынасын реттеу бойынша кешенді шаралар қабылданады. Тұрғындардың үздіксіз қатынауын қамтамасыз ету үшін уақытша балама жолдар пайдаланылуда.