Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 50 мыңға жуық тұрғыны бар жеті ауыл өлексе ағып келетін каналдан су ішуге мәжбүр болып отыр. Жергілікті тұрғындар аурудан қауіптеніп, мемлекеттен мәселені реттеуді сұрады, деп хабарлайды "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"Бұл суды ішу мүмкін емес. Ит пен тауықтың өлігі ағып келіп жатыр. Бір аптадан бері өлік тазалаумен әуре болдық. Амалсыз осы суды ішуге мәжбүрміз", – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Сәкен Шоңбаев. 

Бір жыл бұрын Өзбекстаннан мал мен ит өлексесі ағып келген каналда қазір тауықтардың денесі көбейген. Жергілікті тұрғындар улануымыз мүмкін деп қауіптеніп отыр. 


Оқи отырыңыз: Ит пен мысық аулайтындар жұмысын видеоға түсіруге міндеттеледі


"Ертең ауру тараса, жағдайымыз не болмақ? 40-50 мың адам осы ауыз суды тұтынады. Біз аурудың алдын алуымыз керек. Үкімет бізді қорғауы тиіс", – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Қуанышбаев. 

Сарыағаш аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Әлайдар Әмірхан тиісті ескертулер берілгенін хабарлады.