Түркістан облысында 22 жастағы бойжеткен бір күнде екі бірдей оқушыны көлігімен қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы Ақсукент ауылында өткен жұма күні кешкі сағат жетілер шамасында болған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші алдымен жолдан жүгіріп өтпек болған 9 жастағы ұл баланы қағып, оқиға орнынан кетіп қалған. Арада шамамен 15 минут өткенде сол көлік мектеп аумағына кіріп кетіп, төртінші сыныпта оқитын қызды қағады. Көлік білім ошағының қоршауын бұзып өткен. Оқиға бейнебақылау камераларына жазылған.

Куәгерлердің айтуынша, қыз бала соққыдан бірнеше метрге ұшып кеткен. Мектеп қызметкерлері жүргізушіні көліктен шығарып, жедел жәрдем шақырған.

Дәрігерлердің мәліметінше, ұл баланың басы жарылып, аяқ-қолы сырылған. Қыздың миы шайқалып, денесі көгерген. Қазір екеуі де ауруханадан шығарылып, үй жағдайында ем қабылдап жатыр.

Түркістан облысы Полиция департаменті жүргізушінің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады. Қазіргі уақытта барлық мән-жайларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бейнежазбалар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынып жатыр.

Полиция 22 жастағы күдіктінің мүгедектігі бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші рөлге мас күйінде отыруы мүмкін. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.