Түркістан облысының Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасы "Тұран" футбол клубын электронды саудаға шығарды. Сауда туралы ақпарат e-Qazyna веб-порталында жарияланған.

Лот сипаттамасы бойынша, "Тұран" клубында 14 қызметкер жұмыс істейді, ал баланстық құны – 535 мың теңге. Саудаға қатысу үшін 158 мың теңге кепілдік жарна енгізу қажет. Электронды сауда 3 наурызда Астана уақыты бойынша сағат 09:55 басталады.

Нысанның бастапқы бағасы – 1 054 000 теңге.

Сатып алушыға 10 жыл ішінде мына міндеттер қойылған:

  • клуб қызмет бағытын сақтау;
  • штат санын қысқартпау;
  • инвестиция салу;
  • жасөспірімдер футбол академиясын құру және футболды дамыту;
  • әйелдер футбол командасын дайындау;
  • материалдық-техникалық базаны қамтамасыз ету, соның ішінде жергілікті ірі стадиондармен келісімшарттар бекіту;
  • 2027 жылдан бастап тұрақты түрде Қазақстан Премьер-лигасына қатысу;
  • спорт саласында кемінде 5 жылдық тәжірибесінің болуы;
  • клубты сенімгерлік басқаруға бермеу және иеліктен шығармау.