№3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Роза Өтегенова тұмаудан қалай сақтануға болатынын және оның алғашқы белгілері біліне бастағанда не істеу керектігін айтып, нақты кеңестер берді. 

Фото: Depositphotos.com

"Тұмау ауруының пайда болуы және шарықтауы күз-қыс айларына тән. Қазіргі кезде тұмау мен өткір вирустық инфекцияның маусымы басталады. Кез келген жастағы адам сырқаттануы мүмкін бұл вирустық ауру адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті олардың алдын алу маңызды", – дейді маман.

Оның айтуынша, көп адам тұмаудың соңы өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін екенін білсе де, бірден ауруханаға бармайды. Жақындарынан кеңес сұрап, интернеттен осы тақырыпта әртүрлі материал оқып, өзін өзі емдей бастайды. Алайда емі дұрыс болмаса, ауруы бұрынғысынан бетер асқынып кетуі мүмкін. Ал асқынған аурудың емделіп-емделмеуі белгісіз. 

"Тұмаудың алдын алуын ылғи халыққа түсіндіреміз, оны елорда тұрғындары жақсы біледі. Тұмаудан сақтанудың бірден бір тиімді жолы – екпе алу. Тұмаумен ауырғанда өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды. Науқасқа міндетті түрде дәрігерді үйге шақырту керек. Дәрігердің тексеруінен кейін тағайындалған қажет ем-дом шараларын ғана қолданған ләзім. Ауру басталған уақытта тез емделсе, арты көкжөтел және өзге де асқынуларға әкелмейді. Тұмаудан сақтанудың бірден бір жолы – екпе алу. Тұрғындар екпені көбірек алса, тұмаудың да тіркелуі азаяр еді", – деп атап өтті Роза Өтегенова.

Сондай-ақ, дәрігер коронавирус пен тұмау арасындағы айырмашылықты түсіндірді:

"Тұмауға шалдыққан адамның дене қызуы 38-39 градусқа дейін барады. Өзін әлсіз сезініп, мұрны бітеледі. Ал коронавирус кезінде температура қатты көтерілмейді – 37 градус шамасында. Әлсіздік басымырақ болады. Егер дене қызуы үш күн бойы түспей, әлсіздік ұзаққа созылып, дәм және иіс сезу қабілеті жоғалса, бұған қоса ентікпе және жөтел пайда болса, бұл коронавирустың белгілері". 

Роза Баженқызының айтуынша, тұмауға қарсы вакцина салдырған адамдар вирус жұқтырмауы мүмкін. Тіпті, жұқтырған күннің өзінде, ауру жеңілірек өтеді, одан әрі асқынып, пневмонияға айналу қаупі төмен. 

depositphotos.com

Сол себепті педиатр қазақстандықтарға тұмауға қарсы екпе алуға кеңес берді. Сондай-ақ, дәрігер Covid-19 жұқтырып, дертінен құлан-таза айықпаған науқастардың тұмау маусымы кезінде абай болуы қажеттігін еске салды. 

depositphotos.com

Тұмаудан сақтану жолдары:

  • таза ауада жиі серуендеу, саябақтарда жүру;
  • тыныс алуды реттеу, бұлар өкпенің вентиляциясын жоғарылатады, қан айналымы жүйесін жақсартады;
  • жеке гигиенаны сақтау, жиі қолды сабынмен және спирт негізіндегі заттармен жуу;
  • жүйелі түрде үйді және жұмыс орнын желдетіп тұру;
  • "С" дәрумені бар өнімдерді тамақта қолдану (лимон, бал, таңқурай және тағы басқа);
  • адамдар көп жүретін жерден алшақ болу;
  • дене шынықтырумен, спортпен айналысу.