Тұман, көктайғақ, бұрқасын: 4 наурызда Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды
4 наурыз күні Қазақстанның көптеген өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Синоптиктер желдің күшеюі, жауын-шашын, көктайғақ пен тұманға байланысты дауылды ескерту жариялады.
Елдің шығыс және оңтүстік аймақтарында жел күшейіп, кей өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болжанып отыр.
Абай облысында желдің екпіні күндіз 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтіледі. Солтүстігі мен таулы аумақтарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Алматы қаласында да тұман мен көктайғақ болжанса, Қонаевта желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, таулы аудандарда көктайғақ пен жаяу бұрқасын күтіледі. Шымкент пен Түркістан қаласында жаңбыр жауып, тұман түседі.
Қарағанды облысы мен Ұлытау облысында да аралас жауын-шашын, көктайғақ және тұман болады.
Солтүстік Қазақстан облысы және Қостанай облысында қар мен бұрқасын күшейіп, желдің екпіні кей жерлерде 25 м/с-қа дейін жетеді.
Астанада жолдарда көктайғақ болып, күннің екінші жартысында жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысы мен Ақтауда тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал.
Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ күтіледі. Оралда желдің екпіні 15–20 м/с болады.
Синоптиктер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге сақ болуды, ал алыс жолға шығатын азаматтарға ауа райының өзгерісін ескеруді ұсынады.