"Қазгидромет" РМК синоптиктері 4 ақпанда Қазақстанның басым аумағында ауа райы күрт өзгеріп, жол қозғалысы мен тұрғындардың күнделікті өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті.

Болжамға сәйкес, Түркістан облысының батысы, солтүстігі, оңтүстігі және таулы аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел тау асуларында түнде, ал күндіз кейбір аудандарда секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Қарағанды облысының батыс, солтүстік және шығыс бөліктерінде тұман күтіледі. Қарағанды қаласында түнгі және таңғы уақытта көріну қашықтығы айтарлықтай төмендейді. Ұлытау облысының солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде де тұман басым болады, ал желдің күшеюі әсіресе солтүстік және шығыс аудандарда байқалады. Жезқазған қаласында да тұман болжанып отыр.

Павлодар облысының солтүстік және шығыс аймақтарында тұман түседі. Солтүстік Қазақстан облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Түнде және таңертең тұман күтіліп, күндіз желдің екпіні кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Петропавл қаласында қатты жел мен көктайғақ қаупі бар. Сонымен қатар, 5 ақпанда өңірде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, бұрқасын және көктайғақ болжанып жатыр.

Ақтөбе облысында түнде қатты қар жауып, күндіз жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі. Көктайғақ пен тұман орталық, оңтүстік және шығыс бөліктерде күтіледі.
Атырау облысының солтүстігі мен шығысында аздаған қар мен жаяу бұрқасын болады. Кей аудандарда тұман мен көктайғақ сақталып, жел екпіні 15–20 м/с-қа жетуі мүмкін.

Абай облысында қар жауып, бұрқасын соғады. Солтүстік, оңтүстік және шығыс аудандарда тұман түсіп, жел күшейеді. Шығыс Қазақстан облысында да қар мен бұрқасын күтіліп, кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 20 метрге дейін жетеді.

Синоптиктер тұрғындарды алыс жолға шыққанда аса сақ болуға, ал жүргізушілерді көктайғақ пен көрінудің төмендеуін ескеруге шақырды.