Алматыда "Тұлпар" IV ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады Ұлттық киноны қолдау орталығы

Байқауда "Үздік фильм" номинациясында режиссер Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу" фильмі жеңімпаз атанды. Байқау шартына сәйкес, бұл аталымда үздік шыққан фильм тоқсан жетінші "Оскар" сыйлығына "International Feature Film" номинациясы бойынша ұсынылады. 

Режиссер Асхат Кучинчирековтың "Бауырына салу" фильмінің бір кадры

Сондай-ақ, "Дала қасқыры" фильмімен режиссер Әділхан Ержанов "Үздік режиссер" атанды. Дәл осы жоба үздік операторлық жұмыс ретінде бағаланса, фильмде бас кейіпкердің рөлін сомдаған Берік Айтжанов "Үздік ер адам рөлі" номинациясында үздік шықты. 

Режиссер Ардақ Әмірқұловтың "Жел тоқтаған жер" фильмі үш номинацияны жеңіп алды. Олар – "Үздік сазгер", "Үздік суретші" және "Үздік сценарий" номинациялары. 

"Бұл үш фильм де Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кино орталығының қолдауымен түсірілген", – делінген Ұлттық киноны қолдау орталығының хабарламасында. 

"Тұлпар" кинобайқауының биылғы номинанттарының тізімімен Информбюроның материалынан танысуға болады. 


Оқи отырыңыз: "Тұлпар" ұлттық кино сыйлығына биылғы үміткерлер белгілі болды