"Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келеді". Жанқош Тұраров өзіне жалған айып тағылғанын мәлімдеді
Полиция зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, бірақ күдіктілердің кім екенін көрсетпеді.Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров өзіне тағылған айыпқа қатысты түсінік берді.
"Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын. Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтайтын боламын. Маған таңертеңнен бері миллион хабарлама келді. Өзім таңғалып отырмын, бұл ақпарат жалған. Бұл - жала жабу!", – деп жазды Instagram-парақшасында.
Полиция істің кімге қарсы қозғалғанын нақтыламады. Алайда боксшының өзі бұл іске қатыстылығын үзілді-кесілді жоққа шығарды.
"Таңертеңнен бері маған миллиондаған хабарлама келді және бұл ақпарат жалған, жала деп мәлімдеймін", – деді Жанқош Тұраров.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде танымал боксшы Жанқош Тұраров 28 жастағы қызды зорлады деген ақпарат тарады.
Алматы полициясы бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр", – деді Алматы ПД баспасөз қызметі.